Қайғылы оқиға 16 қаңтар күні шамамен сағат 01:03-те «Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сайөтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау» автомобиль жолының 383-ші шақырымында болған, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Көлік министрлігі берген ақпаратқа сай, алдын ала мәлімет бойынша, Ақтау қаласынан Бейнеу ауылы бағытында келе жатқан автокөлік жүргізушісі рульді басқара алмай, көлік аударылып кеткен.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан оқиға орнында төрт жолаушы қаза тауып, үш адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алып, медициналық мекемелерге жеткізілді. Автобуста барлығы 50 адам болған. Жолаушылар автобусын 1985 жылы туған жүргізуші басқарған. Аталған автожол учаскесі техникалық II санатқа жатады. Жол жамылғысы асфальтбетонды, жолдың ені 9 метрді құрайды, жол жамылғысында ақаулар анықталған жоқ. Жол белгілері бекітілген дислокацияға сәйкес толық көлемде орнатылған. Оқиға тәуліктің қараңғы уақытында орын алған,- деп хабарлады ведомство.
Аталған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша Маңғыстау облысы Полиция департаменті барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған қажетті тергеу шараларын жүргізуде.
Yutong маркалы автобус 2025 жылдың 19 желтоқсанында техникалық байқаудан өткен және «CASPIAN TRANS CORPORATION» LLC компаниясында тіркелген.
