Қызы өз әкесінің немересіне қалдырған мұраны сот арқылы тартып алмақ болды

Қызы әкесінің немересіне қалдырған мұрасын сот тәртібімен даулаған, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің түсіндіруінше, талап қоюшы мұра қалдырушы тірі кезінде спирттік ішімдіктерді шамадан тыс пайдаланғанын, наркологиялық диспансерде есепте тұрғанын, алкоголизмнен ем қабылдағанын және соның салдарынан өз әрекеттерінің мәнін түсінбегенін және өз әрекетін басқара алмағанын көрсеткен.

Талап қоюшының пікірінше, өзі даулап отырған өсиет оның бірінші кезектегі мұрагер ретіндегі құқықтарын бұзады. Бірінші сатыдағы сот қайтыс болғаннан кейін жүргізілетін соттық психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындаған.

Сараптама қорытындысына сәйкес, өсиет жасалған сәтте мұра қалдырушыда психикалық бұзылыстың белгілері болған, соның салдарынан ол өз әрекеттерінің мәнін ұғына алмаған және оларды басқара алмаған.
Алайда бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар бұл қорытындыны назарға алмады, себебі оның негізіне алынған дәлелдемелер (дәрігерлік кеңес, учаскелік инспектордың рапорты, көршілердің мінездемелері) жол берілмейтін дәлелдемелер деп танылды.

Сот мұра қалдырушы тірі кезінде психиатр мен наркологтың есебінде тұрмағанын, алкоголизмнен ем қабылдамағанын, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылмағанын, сондай-ақ өсиет жасалған кезеңде сараптама материалдарында көрсетілгендей Астанада емес, Алматы қаласында тұрғанын анықтады.

Істі қарау барысында сот психикалық денсаулық саласындағы медициналық-әлеуметтік көмек көрсету стандарттарының бұзылғанын анықтады.

Осыған байланысты бірінші сатыдағы сот уәкілетті органға жолданған жеке ұйғарым шығарды.
Аталған ұйғарым заңды күшіне еніп, нәтижесінде психиатр дәрігердің лицензиясының қолданылуы тоқтатылды (күшін жойды).

Кассациялық сот төменгі сатыдағы соттардың тұжырымдарымен келісіп, өсиеттің мазмұны азаматтық заңнама талаптарына сәйкес келетінін көрсетті.
Нотариус өсиетті куәландыру рәсімін сақтаған, мұра қалдырушыға жасалып отырған мәміленің құқықтық салдары түсіндірілген. Мұра қалдырушының ерік білдіру фактісі өсиет жасалған кезде қатысқан куәнің айғақтарымен расталды.
Куә мұра қалдырушы 2014 жылдан бері онымен бірге тұрған немересіне пәтерін саналы түрде қалдыруға шешім қабылдағанын түсіндірген.

Осылайша, кассациялық саты мұра қалдырушы өз мүлкіне заңда белгіленген тәртіппен тиісті түрде билік еткенін, тірі кезінде өсиетті жоймағанын және өзгертпегенін анықтады.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика