Елордада Республикалық қолөнершілер жәрмеңкесі басталды

Астанада «Ұлы дала қолөнершілер керуен көші» республикалық жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Қала әкімдігінң ресми сайтының жазуынша, мәдени шара елордадағы Astana Mall сауда-ойын сауық орталығында орналасқан.

«Тәуелсіздік күніне орай «Ұлы дала қолөнершілер керуен көші» жәрмеңкесін ұйымдастырып отырмыз.
Мұндағы мақсат – отандық қолөнершілердің басын қосу, олардың жасаған дүниелерін көпшілікке ұсыну, ұлттық өнердің дамуына серпін беріп, қолөнер шеберлерін қолдау және тұрғындарға ерекше этномәдени атмосфера сыйлау. Сатылымға шығарылған дүниелердің бағасы – көпшілікке қолжетімді. Сондай-ақ жәрмеңке аясында ерекше қажеттіліктері бар балалар сән көрсетілімін өткізеді.
Мақсат – оларды қоғамға бейімдеу. Бүгін басталған жәрмеңке үш күнге жалғасады», – деді ҚР «Хас Шебер» отандық өнімді дамыту қауымдастығының президенті Зиуар Жұманова.
Мұнда Қарағанды, Қостанай, Қызылорда секілді облыстардан 100-ге жуық қолөнерші келген. Олардың біреуі ойыншық, енді бірі әшекей бұйымдарын елорда тұрғындары мен қонақтарына ұсынып отыр.

«Бұл жәрмеңкеге Көкшетаудан келіп отырмын. Осы іспен 5 жылдан бері айналысамын.
Негізінен бұл – пандемия уақытында хоббиден басталған кәсіп. Қазақи оюлармен өрнектелген тақия тігемін, қыз-келіншектерге арналған әшекей-бұйымдар жасаумен шұғылданамын.
Бастысы бұл іс маған ұнайды. Жасаған дүниелерімді әлеуметтік желі арқылы және жәрмеңкелерде сатамын», – дейді қолөнер шебері Жібек Сұлтанова.


Жәрмеңке сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін болады. Мұнда келушілер еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған шеберлердің қолынан шыққан бірегей бұйымдарды көріп, ұлттық өнердің жандануына куә бола алады.

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін кіру тегін.

Соңғы жазбасы

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика