Бұл туралы бүгін Президенттің қабылдауы кезінде «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов баяндады,- деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Мемлекет басшысына Қордың биыл атқарған жұмысының нәтижелері туралы мәлімет берілді.
Нұрлан Жақыпов:
➤ Қор тобының инвестициялық портфелінде жалпы сомасы 53 триллион теңге болатын 130-ға жуық жоба бар екенін айтты.

Соның ішінде осы жылы CASPI BITUM зауытының қуатын арттыру, 50 МВт-тық күн электр стансасы және Кендірлі елді мекенінде су тұшытатын зауыт салу жобалары жүзеге асырылды.

Жыл соңына дейін 1,1 триллион теңгеге 9 ірі жобаны аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.
➤ Жетісу облысындағы 84 елді мекенге көгілдір отын жеткізетін Талдықорған – Үшарал магистральді газ құбырының, Ақтаудағы контейнер хабы мен Алматыдағы Zhetysu логистикалық терминалының, сондай-ақ Sany Re компаниясымен бірлесе жел генераторларына арналған қондырғылар шығаратын зауыттың іске қосылғаны жөнінде мәлімет берді.

Биыл он айда «Самұрық-Энерго» АҚ сағатына 31 миллиард кВт электр энергиясын өндірді. Бұл Қазақстандағы жалпы өндірістің 31 пайызын құрайды. «Самұрық-Энерго» АҚ құрамына кіретін электр стансаларының қуаты 7845 МВт-қа жетті.
2023-2025 жылдар аралығында әлеуметтік жобаларды қолдауға және қайырымдылық шараларына 1,5 триллион теңге бөлінген. Бұл қаржы медициналық нысандарға, сондай-ақ 55 оңалту орталығының, 31 инклюзия кабинетінің, 18 спорт кешенінің, мәдени және білім беру мекемелерінің құрылысына жұмсалды.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында 5,8 миллион түп тал егілді.
➤ «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының отандық бизнесті өркендетуге қатысты бастамалары туралы баяндады.
Мемлекет басшысы:

Қор жұмысының тиімділігін арттыру, инвестициялық жобаларды сапалы іске асыру және ұлттық активтердің ұзақ мерзімді орнықты дамуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді.
