Әлеуметтік желілерде журналист, Orda.kz сайтының Бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға қатысты тергеу әрекеттері туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды Jurtmedia порталы.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, Бажкеноваға қатысты көрінеу жалған ақпаратты бірнеше рет және қасақана тарату фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалған.
«Тергеу аясында өтініш берушілердің дәлелдеріне тексеру жүргізілуде. 2024 жылғы жарияланымдардың бірінде пара алу кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерін ұстау туралы дұрыс емес мәліметтер таратылғаны алдын ала анықталды. Бұл факт расталған жоқ. Бажкенованың әрекеттері аталған қызметкердің кәсіби қызметі туралы жалған түсінік қалыптастырып, оның іскерлік беделіне нұқсан келтірді», — деп хабарлады полиция.
Сонымен қатар, басқа басылымда мүліктік дау-дамайдың мөлшері мен себептері туралы бұрмаланған мәліметтер болды, бұл сонымен бірге жұртшылықты адастырып, өтініш берушінің беделіне нұқсан келтірді. Тергеу жалған ақпаратты қамтуы мүмкін өткен жылдардағы басқа жарияланымдарды да тексереді. Бажкенованың тұрғылықты жері мен жұмысы бойынша тінту жүргізіледі, жарияланымдардың мән-жайларын анықтау және олардың шығу тегін тексеру үшін электрондық құрылғылар мен құжаттар алынады.
«Тергеу жалғасуда. Барлық мән — жайлар заң шеңберінде белгіленетін болады», — деп атап өтті Алматы полициясы.
Айта кетейік, дәл осы Бажкенова осыдан шамалы уақыт бұрын еліміздің сол кездегі Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің тұтқындалғаны туралы ақпарат таратқан болатын. Алайда айтылған ақпарат ресми орындар тарапынан расталған жоқ. Артынша, екеуінің де бостандықта жүргені белгілі болды.
Фото: asia24.media
