Ұлттық тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ өзінің паркін Петропавлдағы зауытта өндірілген 20 жаңа жолаушылар вагонымен толықтырды. Заманауи вагондар бүгіннен бастап №301/302 «Алматы – Новосибирск» бағытында қызмет көрсете бастады, деп хабарлайды Jurtmedia порталы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Компания басшысы Дияр Нүсіпқожановтың айтуынша, жолаушылар вагонын жаңарту – Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жүзеге асырылып жатқан стратегиялық бағыттардың бірі.
Жаңа пойыз құрамы 10 вагоннан тұрады: 5 купе және 5 плацкарт. Бір бағытта 400-ден астам жолаушыны тасымалдай алады. Пойыз жұп күндері қатынайды:
- Алматыдан 14:50-де шығып, Новосибирскіге 08:58-де (РФ уақыты) жетеді;
- Кері бағытта 14:55-те жолға шығып, Алматыға 07:45-те (ҚР уақыты) келеді.
Жаңа вагондар заманауи қауіпсіздік және жайлылық талаптарына сай жасалған. Купелерде USB-порттар, жеке шамдар, розеткалар, эргономикалық орындар орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арнайы купелер және арбаға арналған орындар қарастырылған. Қызмет ету мерзімі – 40 жыл.
Соңғы екі жылда компания RWS Wagon (ЗИКСТО) зауытынан 237 вагон сатып алған. Жаңа вагондар бірқатар ішкі бағыттарға да енгізілуде: «Ақтөбе – Атырау», «Павлодар – Түркістан», «Алматы – Саратов», «Астана – Бурабай курорты» және т.б.
2025-2026 жылдары тағы 100 жаңа вагон сатып алу жоспарланған. 2030 жылға қарай Ұлттық тасымалдаушы вагон паркін 100% жаңартуды көздеп отыр.
