Грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев жаттығу барысында 175 келі болатын зілтемірді көтерді. Бұл туралы желіде бейнежазба жария болды, деп хабарлайды Jurtmedia порталы.
Онда Олимпиада жүлдегерінің ауыр салмақты қиналмай еңсергені анық байқалады.
«Қараша айының басында 36 жасқа толған Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраевтың қазіргі физикалық бабы осындай. Тіл-көзден аман болса әлі аларым бар деп жүр! Бір залда жаттығып жүргендіктен сыртынан қарап сүйсініп тұрамын! Таза қара жұмыстың пақыры екен. Физикалық дайындық бойынша бапкердің айтқанын екі етпейді. Бейне бір жас жеткіншек іспетті. Жалпы кәсіби спортшы болған соң осындай болу керек», — деп жазылған жазбада.
Естеріңізде болса, Демеу Жадыраев өткен жылы Парижде өткен төртжылдықтың басты ойындарында 77 келіде финалға дейін жеткен еді. Биыл спортшы әлем чемпионатына дейін халықаралық турнирде жеңімпаз атанғанымен, әлем чемпионатында қола жүлде үшін күресте есе жіберді.
