Ресейлік боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы жары Екатерина Бивол әлеуметтік желіде жаңа видео жариялап, психиатриялық тексеруден өту үшін дәрігерлерге жол тартқанын хабарлады. Айтуынша, мұндай шешімге оның үстінен түскен шағымдар себеп болған. Шағымдарды үшінші тұлғалар – бұрынғы күйеуінің жанкүйерлері мен таныстары берген, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Видеода Екатерина соңғы екі жыл бойы Қырғызстан мен Қазақстаннан шыққан Бивол фанаттарының қысымына ұшырап жүргенін айтты. Бұрынғы жұбайы тарапынан да тоқтаусыз психологиялық шабуыл болғанын жеткізді.
«Бұл тексерудің балаларға еш қатысы жоқ. Балаларым керемет, күнде жаттығуларына бірге барамын. Маған жасалған ұзақ мерзімді агрессияға жауап қайтарсам, біреулер соны пайдаланып, мені тексеруге жібереді», – деді ол.
Оның сөзінше, соңғы жылдары өзінің жеке өміріне қатысты ақпараттарды жинау, тарату, қорқыту, алимент және опека мәселелері арқылы қысым күшейген.
Желіде тараған құжатта Екатеринаның:
– бұрынғы күйеуіне және оның жақындарына өлім тілегені,
– мұндай сөздерді балалардың көзінше айтатыны,
– өзіне және балаларға қауіп төндіруі мүмкін екені жазылған.
Сонымен қатар шағымда «апатия кезінде балалармен бірге терезеден секіремін» деп қорқытқан деген айып бар. Автор балаларды уақытша алып қоюды және анасына қатысты тиісті шара қолдануды сұраған.
35 жастағы Екатерина Бивол бұған дейін қазақ және қырғыз халқына тіл тигізген видеосымен әлеуметтік желіні дүрліктірген. Сол роликтен кейін оның аккаунты бұғатталғанымен, видео желіде кең тараған еді.
