Орта Азия бүгінде әлем назарындағы аймаққа айналды. Әлемнің алып державалары — Еуропалық Одақ, Ресей, Қытай, Германия және АҚШ аймақ елдерімен «Орталық Азия + .» форматында саммиттер өткізіп, өңірмен өзара ықпалдастықты нығайтуға мүдделі, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Сарапшылар бұл кездейсоқ үрдіс емес. Көнеден «Памир түйіні» аталған, талай өркениеттің ізі қалған бұл өңір ежелден геосаяси және экономикалық тұрғыдан стратегиялық маңызға ие, деген пікір айтып жатыр.
елге белгілі экономистер мен саясаткерлер мемлекет басшысының соңғы сапарларын талдап, табысын тізіп шықты.
Бүгінде Орталық Азия мемлекеттері халықаралық беделін сақтап қана қоймай, оны күшейту бағытында белсенді қадамдар жасауда. Әлем көшбасшыларымен тең дәрежеде саммит өткізіп, экономикалық және саяси интеграцияны дамытуды жалғастырып келеді. Бұл үрдіс аймақ елдерінің көпвекторлы сыртқы саясатын жалғастыруға мүмкіндік, — деді Президенттің саяси жүрістерін үнемі қадағалап отыратын шолушы Айбар Олжаев.
Өткен аптада лайнердегі адамдар Вашингтоннан жақсы көңіл-күймен ұшып келді. Экономика мен саясаттан хабары бар қырақты жан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ сапары табысты аяқталғанын біледі. Қазақстанның пайдасына шешілген 17 миллиард долларлық инвестициялық контракт бар. Демек, елдегі өндіріс, экономикалық белсенділік одан әрі жандана түседі. Ал сирек кездесетін металдар нарығында Қазақстан белді ойыншылардың біріне айналмақ. АҚШ Қазақстанға 100 миллиард доллардан аса қаржы салған ең ірі инвестор. Біздің экономикамызды алға сүйрейтін де осы ел екенін ұмытпау керектігін саясатта жүрген тұлғалар тағы біледі. Тіптен оның айтулы сапарын көрші Ресейдің саяси элитасы да мойындап, бармақтарын тістеді, таңдана мақтады.
Соңғы жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард доллар межесіне жуықтады. Америкадағы уранға сұраныстың шамамен 25 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания бизнес жүргізеді – деді, Президент Тоқаев АҚШ басшысымен кездесу барысында.
Қазір Қазақстан АҚШ-тың Орталық Азиядағы негізгі сауда серіктесі. Аймақтағы америкалық инвестициялардың 80%-ы Қазақстанға тиесілі. Қалғанын Өзбекстан мен Қырғызстан бөлісуде. Тәуелсіздік алғаннан бері АҚШ-тан Қазақстанға тікелей тартылған инвестициялар көлемі 60 миллиард АҚШ долларынан асты, бұл елімізге келген барлық шетелдік тікелей инвестициялардың 13%-дан астамын құрайды. 2024 жылы шамамен 869 миллион доллар тартылды. 2025 жылдың бірінші тоқсанында АҚШ-тан Қазақстанға келген жалпы инвестициялар көлемі 362,4 миллион долларды құрады.
Қазір бізде 630-дан астам америкалық компания жұмыс істейді. 2023 жылы екіжақты тауар айналымы 4 миллирд АҚШ долларынан асты. Осыдан екі ай бұрын Мемлекет басшысы Нью-Йоркке сапарлап, америкалық бизнес акулалармен кездесіп, оларға біздегі экономикалық реформалар мен инвестициялық климаттың жағдайын таныстырған болатын.
Осының жақсы әсерінен елімізге кеңес кезінен тұсау болып келе жатқан Джексон–Вэник түзетулері алынып тасталды. Қазақстан бұл санкциялық құралдың барлық талаптарын орындап, АҚШ Конгресінің қос палатасы мен екі партиясының, сондай-ақ жетекші еврей ұйымдарының қолдауына ие болды. Биыл біздің Израиль мен араб елдері қатынасын қолдайтын Авраам келісіміне қосылуымыз бізге қосымша үлкен ұпай алып келді. Конгресстегі еврей лоббиі елімізге өте жақсы көзқарас танытып отыр. Қазақстан осымен сыртқы саясат пен болашақ нетворкинг жемісі бойынша биылдың барлық мақсатын орындады деп айта аламын, — дейді қаржылық шолушы Айбар Қайнарұлы.
Саясатта қалам тербеген адамдардың сөзінше де Тоқаевтың АҚШ асуы маңызды сапар болды. Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымы, принциптері мен көзқарасы дұрыс екенін аңғартты. Барлығымен тең қатынаста әріптестік орнатуға дайынбыз. «Қазақстан аймақтық, жаһандық деңгейде салмақты ұстанымға ие мемлекет ретінде көрінді» деп Батыс басылымдары жазып жатыр.
Жалпы бұл сапар тек экономикамен шектеліп қоймады. АҚШ-тың алпауыт компанияларының басшыларымен де кездесулер өтті. Конгрессмендер мен сенаторлармен өткен кездесулерде парламенттік диалог, құқықтық реформалар және ұзақмерзімді сенім мәселелері талқыланды. АҚШ-тың Қазақстан экономикасына осы уақытқа дейін 100 миллиард доллардан астам инвестиция құйғаны – елге деген сенімнің нақты көрінісі. 100 млрд доллар АҚШ үшін аз шығар, біз үшін бұл орасан қаржы, -деп санайды саясаттанушы Асхат Қасенғали.
Трамп тым күрделі тұлға. Онымен келіссөз жүргізу қиын дейді сақа сарапшылар. Қылығын да, әрекетін де, саясаттағы жүрісін де жан түсініп болмайды.
Мінезін болжау қиын. Сол үшін онымен сөйлесу қиын дейді саясаткерлер. Дегенмен Қазақстан президенті АҚШ басшысымен келісе алған. Арасында оны қолдап сөйлеп, дипломатиядан шықпайтын негізде келіссөз өткендей. «Ибраһим келісімдеріне» қосылу шешімі де осы дипломатияның аясындағы әрекет қой. Трампқа сөзсіз бұл қадам ұнады. Сапар барысында Қазақстан өз имиджін бүкіл әлемнің алдында нығайту бойынша үлкен жұмыс атқарды деп айтуға болады.
Трамптың мінезі құбылмалы болғанымен, ол өте әккі саясаткер. Ол әрдайым өзінің дегенін іске асырады. Өз елінің мүддесін қорғап шығады. Трамптың ұстанымы мен Қазақстанның энергетика, экология сияқты көзқарастары сәйкес келеді. Сол үшін де Уашиңтонда қос елдің басшысы тіл табыса алды деуге болады, — дейді саяси шолушы.
Қазақстан осындай тиімді келіссөздер арқылы өзінің аймақтағы көшбасшылық позициясын нығайте беруі керек. Біз барлық елмен, мұхиттың арғы шетіндегі алып АҚШ-пен де, көрші жатқан Қытай және Ресеймен де, түркі, араб әлемімен де, Еуропа және Шығыс Азиямен де қатынас жасай береміз. Бұл баланс сақтау үшін, көпвекторлы саясат үшін керек әрекет деп санайды саясаттанушылар.
Фото: Ақорда
