Қазақ театр өнерінің қарашаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры көрермен назарына өзінің жүз жылдық мерейтойына арналған «Ғасырға басқан қадам» атты салтанатты театрландырылған қойылымын ұсынады,-деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
Алматыдағы Республика сарайында 17 қарашада өтетін бұл ерекше кеш – театрдың бай тарихы мен сахнадағы ұлы дәстүрлерін дәріптеп, өнер ордасының жаңа ғасырлық белесіне қадам басуын айшықтайтын айтулы мәдени оқиға. Кеш барысында көрермен назарына театр репертуарындағы таңдаулы қойылымдардан сахналық үзінділер ұсынылады.
Шараның басты ерекшелігі – ұлттық театр өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан белгілі
актерлердің өнері арқылы өткен мен бүгіннің көркем сабақтастығы көрініс табатын болады. Сонымен бірге театр музейі келушілер назарына «Ғасыр жасаған ұлт театры» атты интерактивті көрмесін ұсынады.
Айта кетейік, қазақ өнерінің қара шаңырағы, қазақтың тұңғыш кәсіби театры Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының шымылдығы 1926 жылы 13 қаңтарда, Қызылорда қаласында ашылды.
Алғашқы қойылымдары Қ. Кемеңгерұлының «Алтын сақина» және М. Әуезовтің «Еңлік – Кебек» пьесаларынан үзінділер болды.
Театрдың алғашқы құрамында И. Байзақов, Ә. Қашаубаев, С. Қожамқұлов, Е. Өмірзақов, Ж. Шанин, Қ. Қуанышбаев, Қ. Жандарбеков, Қ. Бадыров, Қ. Мұңайтпасов, З. Атабаева, Ш. Әлібекова, Ш.Байзақова, М. Шамова, Ж. Шанина, т. б. еңбек етті.
1928 жылы театр Алматыға көшіп, жаңа буын актерлермен толықты.
• 1937 жылы 27 ақпанда академиялық театр мәртебесін алды.
• 1946 жылы «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталды.
• 1976 жылы «Халықтар достығы» орденімен марапатталды.
• 1961 жылы театр жазушы, ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімін иеленді.
• 2020 жылдың 20 желтоқсанында Қазақстан Республикасының президенті ҚасымЖомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен театрға ҰЛТТЫҚ мәртебесі берілді.
Қазіргі таңда театр өзінің мәдени-рухани миссиясын нақты айқындаған шығармашылық ұжым ретінде ұлттық өнерді дәріптеу, отансүйгіштік пен адамгершілік құндылықтарды насихаттау, жаңа тұрпатты мәдениет жасау және әлемдік мәдени кеңістікке ұлттық өнерімізді таныту жолында табанды еңбек етуде. Бір ғасыр бойы театр сахнасынан көрермен жүрегіне жол тартқан әрбір спектакль – халықтың үні, заманның тынысы. Қазақ театрының ғасырлық шежіресі – елдің өткені мен бүгіні, ұлттық рух пен көркем ойдың тұтас әлемі. Бұл құнды мұра заманауи театр өнерімен сабақтасып, алдағы ғасырларға жалғасып, ұлттың мәдени жадын байытып, рухани қазынасын тереңдете бермек.
Думанды кештің басталуы: сағат 19.00
Мерекелік шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді.
