FinIQ қаржылық қауіпсіздік жөніндегі республикалық диктант өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
Республикалық диктантты ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі ұйымдастырды.
«Заң және Тәртіп» нарративі аясында Қаржылық мониторинг агенттігі Білім министрлігінің қолдауымен ұйымдастырған ауқымды FinIQ акциясы еліміз бойынша шамамен 3 миллион қатысушыны — мектеп оқушыларын, студенттерді, ересек азаматтарды және қаржылық мониторинг субъектілерінің қызметкерлерін біріктірді.
Қатысушылар қаржылық қауіпсіздік саласындағы білімдерін тексеріп, 20 сұрақтан тұратын интерактивті тесттен өтті.
Тестте «дроптар деген кімдер?» немесе «қаржылық пирамиданы қалай тануға болады?» сияқты базалық ұғымдардан бастап, жеке деректер мен қауіпсіз онлайн-төлемдерге қатысты күрделі жағдайларға дейінгі сұрақтар қамтылды.
Нәтижесінде әр өңірден 10 жеңімпаздан, барлығы 200 адам марапатталып, олар дипломдар, сертификаттар және бағалы сыйлықтарға ие болды. Жеңімпаздардың бірі — Астана қаласындағы №92 мектеп-лицейдің 8-сынып оқушысы Әділхан Қошымбаев өз әсерімен бөлісті:
Диктантқа қатысу қызықты әрі пайдалы болды. Мен ақшаны дұрыс пайдалануды және алаяқтардан қалай қорғану керектігін үйрендім. Бұл білім маған болашақта міндетті түрде қажет болады деп ойлаймын,-дейді ол.
Қаржылық мониторинг субъектілерінің қызметкерлері тесттің кәсіби тұрғыдан пайдалы болғанын атап өтті — ол білімнің өзектілігін тексеруге және қаржылық тәуекелдерді анықтау дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.

FinIQ жобасы қоғамның қаржылық сауаттылыққа деген жоғары қызығушылығын көрсетті және бұл бағытты үйренудің тартымды әрі қолжетімді бола алатынын дәлелдеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қаржылық диктант жыл сайын өткізіліп, қазақстандықтардың қаржылық қауіпсіздік саласындағы білімін арттыруға бағытталған дәстүрге айналмақ.
