Мемлекет қаржысынан 144 млрд теңге ұрлап, 11 жылға бас бостандығынан айырылған экс-банкир Жомарт Ертаев бұдан бірер ай бұрын бостандыққа шығып кеткен болатын,- деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
Ертаевтың мерзімінен бұрын бостандыққа шығару туралы сот үкімі бұзылғанын белгілі заңгер, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Ертаевқа қатысты сот қаулысы бүгін бұзылды. Өтінішімді қолдап, әділ шешімге ықпал еткен ҚР Бас прокуратурасы Алматы облысының прокуроры мен сотына, сондай-ақ мәселені алғаш көтерген журналистер қауымына алғыс айтамын! — деп жазды А.Құспан
Еске сала кетейік мемлекет қаржысынан 144 млрд теңге ұрлады деп айыпталған Жомарт Ертаевты сот кінәлі деп танып, 2020 жылдың қарашасында 11 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Артынша аппеляциялық сот Ертаевтың шағымы негізінде жаза мерзімін 9 жылға қысқартқан.
Абзал Құспанның келтірген қарсылығында экс-банкир жымқырған қаржыны қайтармағаны айтылған. Сондай-ақ депутат елімізде Конституцияның 30 жылдығына орай биыл жарияланған амнистия кезінде кейбір соттар мен прокурорлар кейбір қағидаларды ескермегенін айтқан болатын.
Қылмыстық құқықтың 2-курста үйретілетін қарапайым қағидасы бар: жалпы норма мен арнайы норманы (lex generalis и lex specialis) ажырату. Өкінішке қарай, рақымшылық заңын қолдануда бұл қағиданы ескермеген ҚАЖК өкілдері мен кейбір прокурорлар мен судьялар адамдарды заңсыз босатуға жол ашып отыр.
Соның салдарынан 144 млрд теңге залалды өтемеген Жомарт Ертаев Алатау аудандық сотымен бостандыққа шықты. Бұл шешімге менің депутаттық өтінішімнен кейін ғана прокурор наразылық енгізді,- деді мәжілісмен.