Ажырасқандар арасында мүлікті бөлудің жаңа ережесі енгізілді

Астана қаласының прокуратурасы «Ата Заң – тәуелсіздік тірегі» ұлттық іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында Конституциялық сот шешімдерінің орындалуы мен конституциялық заңдылығын қамтамасыз ету бағытында түсіндіру жұмысын жүргізуде,-деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы. 

2024 жылдың 4 желтоқсанында Конституциялық Сот некеде алынған бірлескен мүлікті бөлудің жаңа тәртібіне қатысты №55 Нормативтік Қаулы шығарды.

Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасы Басқармасының прокуроры, кіші әділет кеңесшісі Тамара Орынбасар түсіндіріп берді.

Аталған жаңартулар ескіру мерзіміне және ажырасқаннан кейін активтерді бөлу тәртібіне қатысты енгізілген. Өзгерістерге сәйкес, мүлікті бөлу енді ажырасу күніне қарамастан тараптардың келісімі бойынша мүмкін болады. Сонымен қатар, талап қою мерзімдері түзетілді: егер бұрын жалпы талап қоюдың үш жылын кері санау некені ресми бұзу сәтінен басталса, енді ерлі-зайыптылардың бірі олардың мүліктік құқықтарының бұзылғанын білген немесе білуге тиіс болған сәттен басталады. Осылайша, жаңа құқықтық ұстаным бұрынғы ерлі-зайыптылардың мүдделерін неғұрлым әділ қорғауға және бұрын олардың мүліктік құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтірген құқықтық олқылықтарды жоюға бағытталған,-дейді Т. Орынбасар.