Қазақстанда «Ауыл online» арнайы жобасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун айтты.
Бізде 6 мың елді мекен бар, олар интернетке қол жеткізу қиын деп белгіленген. Бүгінгі таңда 2,5 мыңнан астамы интернетпен қамтамасыз етілген. «Қазақтелеком» компаниясымен қол қойылған келісімнің нәтижесінде біз екі жыл бойы барлық қалған ауылдарды қосып, жетуі қиын ауылдарды қамтудың 90%-дан астамына қол жеткізуге тиіспіз. Сондай-ақ Starlink және OneWeb спутниктері арқылы ауылдарды интернетке қосу жұмыстары жүргізілуде, — деді Дмитрий Мун.
Одан кейін «Қазақтелеком» компаниясының басқарма төрағасының м.а. Абылайхан Оспанов жаңа жобаның іске қосылуы туралы айтып берді.
Біз «Ауыл online» жобасын әзірледік және 3 мың ауылды жоғары жылдамдықты интернетке қосу бойынша міндеттемелер жүктелді. Осы жұмыстың нәтижесінде бөлінген елді мекендерде байланыс сапасын жақсарту көзделген, — деп атап өтті Абылайхан Оспанов.
Оның айтуынша, жақын арада компанияның сайтында осы елді мекендердің тізімі орналастырылады. Бұл жұмыстарды тиімді жүргізу үшін барлық облыс әкімдерімен меморандумдарға қол қойылады.
Бұл олардың осы жобаны жүзеге асыруға жәрдемдесуі үшін жасалады, өйткені көптеген мәселелер жергілікті атқарушы органдарға байланысты, мысалы кабельді басқаруға, антеннаны орнатуға рұқсат беру және тағы басқалар.