Перизат Қайраттың ісі бойынша бүгінгі сот отырысы екінші сотталушы, оның анасы Ғани Алашбаеваның денсаулығына байланысты түстен кейінге қалдырылды, — деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы. Tengrinews.kz сілтеме жасап.
Астанада белсенді Перизат Қайрат пен оның анасы Ғани Алашбаеваға қатысты сот процесі жалғасуда.
Бүгін де іс бойынша жәбірленушілер куәлік бере бастаған. Алайда процесс барысында сотталушы орындығында отырған Перизаттың анасы денсаулығының кенет нашарлап кеткенін хабарлады. Ол судьяға өзінің қан қысымының көтеріліп кеткендігін айтты. Сотталушыға шұғыл медициналық көмек көрсету үшін судья үзіліс жариялады.
Сотқа жедел жәрдем келді. Ережеге сәйкес сот ғимаратының жанында кезекшілік етіп тұрған жедел жәрдем бригадасы Ғани Алашбаеваны қаладағы ауруханалардың біріне алып кетті. Сот процесінен хабар таратып жүрген журналистерге отырыстың түстен кейін, сағат 15:00-ге шегерілгені хабарланды.
Кешегі сотта қоғам белсендісі Перизат Қайраттың ісі бойынша жәбірленушілерден жауап алынды. Атап айтқанда, зейнеткер су тасқыны кезінде Қайрат қорына аударған 1 миллион теңгесін қайтаруды талап етіп, сотқа жүгінген. Әйел BizBirgemiz қоры оған сенімді болып көрінген.
The Akan Building директорының қаржы жөніндегі орынбасары Жұлдыз Амангелдинованың айтуынша, әлеуметтік желілердегі белсенді жарнама компания басшылығын қаржыны қайырымдылыққа аудару үшін Перизат Қайрат басқаратын Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қорын таңдауға көндірді. Компания аталған қорға барлығы 700 мың теңгедей қаражат аударған.
Іс бойынша тағы бір жәбірленуші ретінде елордалық Назарбаев зияткерлік мектебінің (НЗМ) ата-аналар комитетінің мүшелері келді. Астана қаласы НЗМ ата-аналар комитетінің өкілі Сәуле Қуандықова сотта 2024 жылдың сәуір айында мектеп оқушыларының ата-аналары 901 855 теңге жинап, қорға аударғанын мәлімдеді.
Фото Tengrinews.kz