АтышулыАЭС құрылысы: неге Ресей мен Қытай таңдалды? 

Шамалы уақыт бұрын біраздан бері қоғамда түрлі пікір тудырып келген еліміздегі алғашқы Атом электр станциясын ресейлік «РосАтом» компаниясы, екіншісін қытайлық China National Nuclear Corporation салатыны белгілі болған еді. Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталының тілшісі Үкіметтің бұл шешіміне қатысты сарапшылардың пікірін білді.

Аталған шешім нақтыланар алдында Атом энергиясы жөніндегі агенттік халықаралық сарапшылардың қатысуымен әлеуетті жеткізушілердің «қысқа тізіміне» келесі компанияларды енгізген болатын. Олар: «Росатом» (Ресей), China National Nuclear Corporation (Қытай), Électricité de France (Франция) және Korea Hydro & Nuclear Power (Оңтүстік Корея).

Осы төрт үміткердің ішінен таңдау Ресей мен Қытайға түсті. Яғни, алғашқы қазақстандық АЭС-ті солтүстік көршіміз салса, екінші атом электр станциясы шығыстағы көршіміздің қолдауымен салынады.

Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша,  реакторлық технология ұсынған шетелдік компаниялардың ішінен Қытай мен Ресей ең күшті техникалық-коммерциялық ұсыныстар дайындаған көрінеді.

Жалпы, алғанда қазақ даласындағы алғашқы АЭС-ті ресейліктер салып беретіні туралы шешім Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің ресми хабарлауынан бұрын белгілі болып қойғандай көрінген. Сөзімізге дәлел ретінде, нақты шешім шықпай тұрып еліміздің Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Ресейдің сыртқы саясатына жауапты тұлға Сергей Лавровпен кездесуі кезінде болған мына диалогты келтірсек болатын шығар.

 Біз елімізде салынатын тұңғыш атом электр станциясының (АЭС) құрылысына Ресей тарапының қатысқанына мүдделіміз. Қазақстан мен Ресейдің түрлі салада бірлескен жобалары бар. Ал атом электр станциясының құрылысы – осы бағыттағы келесі маңызды қадам болуы мүмкін. Бұл тұрғыда екі елдің тиісті министрліктері қажетті дайындық жұмыстарын жүргізеді деп сенеміз, – деген болатын Сыртқы саясат ведомствосының басшысы М. Нұртілеу.

Пікір білдірген белгілі эколог Әділ-Қасым Жарылқасынұлы да елдегі АЭС құрылысын солтүстік көршіміздің салғанын құптайтынын айтады. Оның айтуынша, таңдаудың «Росатомға» түсуінде бірінші кезекте қауіпсіздік мәселесі ескерілген көрінеді.

 Біріншіден, қазіргі таңда Ресей атом саласында көшбасшы деп жатыр. Сол себепті Ресейдің салғаны дұрыс. Елдегі екінші АЭС-тің құрылысын  Қытай жүргізеді. Екі мемлекет те бізге  географиялық жағынан өте жақын орналасқан. Бұны айтып отырған себебім, олар бізбен барынша жақын іргелес отырғандықтан өз қауіпсіздіктері үшін де АЭС құрылысын барынша сапалы салуға көңіл бөледі деп есептеймін. Үкіметтің осы мәселеде екі көршімізді таңдауының астарында бірінші кезекте осы қауіпсіздік мәселесі жатқан болар, — дейді сарапшы.

Елдегі АЭС құрылысы туралы әңгіме басталған кезде кейбір сарапшылар аталған құрылыстың экологиялық жағынан да зардабы бар екенін айтқан. Алайда, жоғарыда пікір білдірген эколог Ә. Жарылқасынұлы қазіргі ғылым мен технология барынша дамыған заманда бұл  пікірдің негізсіз екенін алға тартады.

Осы таңдауға қатысты қоғамды алаңдатқан негізгі сауал, қазіргі таңда геосаяси жағдайдағы ұстанымына қатысты санкцияның астында отырған Ресейдің қауқары қаншалықты? Солтүстік көршімізге сеніп АЭС-тың игілігін көру үшін  «күту залында» көп уақыт өткізіп алмаймыз ба? – деген сауалдар болатын.

Нақты шешім қабылданбастан біршама уақыт бұрын Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай, онсыз да түрлі санкцияның астында отырған солтүстік көршіміздің біздің елде АЭС сала алмайтынын кесіп-пішкендей айтқан еді.

Ресей АЭС-ті сала алмайды. Оған ешкім мүмкіндік те бермейді. Олар реакторларын сыртқа шығара алмайды. Онсыз да санкцияның астында, – деген болатын мәжілісмен.

Алайда қазір  белгілі болғандай ешқандай санкция мен қиындыққа қарамастан елдегі тұңғыш АЭС-ті ресейліктер салатыны белгілі болды. Осы шешім шыққаннан кейін де Мақсат Толықбайдың әріптесі, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Ресейдің сенім үдесінен шыға аларына күмәнмен қарайтындығын айтты. Тіпті, Қытай мерзім жағынан алып қарағанда Ресейдің алдына түсіп кетуі де ғажап емес екенін алға тартқан.

Қазақстандағы бірінші АЭС құрылысының бас мердігері (генподряд) Ресей болады деген хабар тарады. Бұған дейін Қазақстанда үш Жылу электр станциясын (ТЭЦ) салуға соғыс жағдайында қаржы таппаған Ресей АЭС-тің алып құрылысына ақша таба ала ма? Оның қаржысы қашан болар-болмасын күтіп, Қытай екіншінің құрылысын бастамай отыра ма? Яғни, екінші АЭС біріншіден бұрын салына бастауы мүмкін ғой…

Ондайда Ақорданың Кремльге айтар уәжі дайын: «Отдали же в свое время мы вам пальму первенства, в чем теперь проблема?!»

Ал бірінші АЭС салына ма, жоқ па — бұл маңызды емес! Себебі екіншісі біріншінің орынын мерзімінен бұрын басады. Тіпті, біріншісі салынбай қалуы да ғажап емес, есесіне Ресейдің алдында «геосаяси беті ашылған» Қазақстан үшінші АЭС-тің (нақтысы — екінші) құрылысын француздарға немесе Оңтүстік кәрістерге еркін тапсыруы мүмкін,- деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Осы жазбасының соңында мәжілісмен бұл шешімдерді Тоқаевтың «сыртқы дипломатиялық саясат» ұстанымындағы баға жетпес өлшем деп бағалайды.

Міне,  «жыланның аяғы»  дейсіз бе, жоқ әлде масаның көзге көрінбес сідігіндей дейсіз бе — сыртқы саясаттың жіңішкелігі осындай болса керек)). Қалай болғанда да, бізде дәл қазір президент Тоқаевтың «сыртқы дипломатиялық саясат»   ұстанымына балама жоқ!, — дейді Е. Бапи.

Осы тұста тағы бір сарапшы, белгілі экономист Асылхан Андашов Ресейге жан-жақтан салынып жатқан түрлі санкциялар, олардың Қазақстанда АЭС қүрылысын жүргізуіне ешқандай да кедергі келтірмейді, деген пікір айтып отыр.

Ресейге 2022 жылдан бері санкциялар салынып келе жатқанымен, “Росатом” компаниясына қарсы ешқандай санкциялар салынған жоқ. Бүгін ғана “Росатомның” Венгрияда “Пакш-2” станциясын салуға кедергі келтіріп жатқан кейбір санкцияларды АҚШ алып тастады. Бұл деген сөз Ресей қаншалықты санкция астында болса да, оның әлемдік маңызы бар салаларда (атом энергетикасы, уран өндірісі мен өңдеу, ғарыш саласы және т.б.) санкция жағынан қауіп төніп тұрған жоқ. Онымен қоса, Ресей қазіргі таңда Венгриядан бөлек Түркия, Бангладеш, Египет, Өзбекстан сынды елдерде АЭС салып жатыр немесе салуды көздеуде. Осы себепті де Қазақстанда АЭС салу Росатом үшін қиындық туғызады немесе АЭС сапасыз болады деп айта алмаймын,-дейді А. Андашов.

Алайда, ол  өз сөзінде, елдегі екінші АЭС-ті салады деп таңдалған Қытай елінің осынау алып құрылысты Ресейден бұрын бітіруі мүмкін екенін жоққа шығармады.

Қытай расымен де объектілер салу бойынша сенімдірек серіктес болып көрінеді. Ресейдің Түркия мен Бангладештегі объектілері қазірдің өзінде өз кезегінен кешіктірілуде. Ал Қытай жылдам салатынына сендіріп жатыр. Бұл жерде бір ойлантыратыны – Қытай бұл жерде де толығымен өз ресурсын, өз құрылыс компаниялары мен жұмысшыларына дейін қолдана ма, әлде жергілікті ресурстар мен жұмыс күшін қолдана ма? Қытай салуының оң жақтары да баршылық: біріншіден жақын орналасқан көршілес ел. Сондықтан логистика бойынша мәселе туындамайды. Жоғарыда айтқандай өзге елдердің реакторларына қарағанда арзанырақ. Ал, олар салатын АЭС-тың Шығыс Қазақстанда, Қытай шекарасына жақын орналасуы өндірісі дамыған аймақты энергиямен қамтуға мүмкіндік береді.

Қалай болғанда да, Ресей АЭС-ті 2035-36 жылға аяқтаса, Қытай одан жылдам бітіру арқылы 2030 жылдары туындауы болжанып отырған энергия тапшылығын жабатын еді,- деген пікірді алға тартты экономист- сарапшы.

Ал, атом саласындағы белгілі сарапшы Сұлтан Ыбырай бұл таңдаудың астында Абылай хан заманынан келе жатқан саясат жатыр деген ойын ортаға салды.

АЭС салу жайында ресми түрде референдум өткізіліп, халық келісті деген нәтиже шықты ғой. Ол бір.  Жалпы АЭС қазір энергетикалық не экономикалық емес, саяси мәселе. Әлемдегі қазіргі әскери қақтығыстардың салдарынан экономикалық емес, саяси пайда көздеуге мәжбүрлейді. Абылай заманынан бері келе жатқан көп векторлы саясат. Бір емес үш АЭС саламыз деп отырғанымыздың да астарында осы ой жатыр,-дейді С. Ыбырай.

Сонымен қатар ол қазіргі біз саламыз деп жатқан алып Атомдық энергетика көзі бірнеше жылдардан соң адамзат баласы үшін қажет болмай қалуы да мүмкін деген пікір айтты.

Күн, жел, геотермалдық қуат көздері, мұнай, газ, атом, ‘жасыл’ сутегіні қоя тұрып, әлемде ‘ақ’ сутегі адамзатқа алдағы 100 жылға жетеді деген мәлімет бар.

 АЭС-тің өзінің бірнеше түрі бар. Алдағы оншақты жылдың көлемінде термоядролык атом іске асуы мүмкін. Сонда қазіргі АЭС-тер керексіз болып қалады. Қазақстанның ерекшелігі ядролық отын — уран өндіруде әлемде бірінші орында болғандықтан, оны да ескеру керек,-деп өз ойын түйіндеді сарапшы.

Қорыта келгенде, біз пікірін білген бірнеше сарапшыларымыз жоғарыдағыдай ойларын ортаға салды. Бір анығы, бірнеше жылдан бері қоғам талқысына түсіп келген Қазақстанда АЭС құрылысы референдум арқылы халықтың қолдауына ие болып, басталатын болды. Оның алғашқы қазығын Ресей қағатыны да анық.  Ал, мерзім жағынан екі алып құрылыстың қайсысы бірінші бітіп, ел иігілігіне беріледі? Бұл сұрақтың жауабы, уақыт еншісінде қалып отыр.

Айта кетейік,  Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын Алматы облысына қарасты Үлкен ауылында салу жоспарланып отыр. Отандық  екінші АЭС құрылысы Шығыс Қазақтан облысында қытаймен шекаралас аудандардың бірінде жүргізіледі.

Набира АЛМАНОВА, JM