Елордада «GRAND FEST» музыкалық фестивалі басталды

«GRAND FEST» музыкалық фестивалі аясында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы  концерттік бағдарламалар сериясын ұсынуда, деп хабарлайды, Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.

Іс-шаралар елордада орналасқан амфитеатрда өтеді және сахнаға танымал әртістер мен Қазақконцерттің өнер ұжымдары шығады.


Музыкалық фестивал шымылдығын «Астана сазы» Қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі ашты. Бұл кеште көрермендерге ансамблдің бірегей бағдарламасы ұсынылды. Өнер ұжымы дәстүрлі күй мен халық әндерін заманауи авторлық өңдеуде орындап, ұлттық мұраны жаңаша үлгіде паш етті.

Концерттік бағдарламада жаңа туындылардың премьералары мен эксклюзивті музыкалық композициялар, сондай-ақ, ансамбль әртістерінің жеке орындаушылық шеберлігін айқын көрсететін бірегей музыкалық әуендер орындалды.
Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айзат Қарабек, Ерболат Шалдыбеков, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Жанту Дадабаев және Ақерке Тәжібаева қатысты.

«GRAND FEST» фестивалі – елорданың мәдени өміріндегі маңызды оқиғаға айналуды мақсат тұтқан, отандық музыкалық өнерді насихаттауға және қала тұрғындарының мәдени тыныс-тіршілігін байытуға бағытталған жобалардың бірі. Ашық аспан астындағы амфитеатр сахнасы, жанды музыка және жанрлық әртүрлілік — барлығы да түрлі буын өкілдерін өнер айналасына топтастыратын жылы әрі шабыт сыйлайтын атмосфераны қалыптастырады.

Музыкалық фестиваль 29-шы маусымға дейін созылады.