Елімізде сотталған азаматтарға рақымшылық жасалады

Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын қарауға алды,-деп хабарлайды JurtMedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.

Конституцияның 30 жылдығына орай қабылданатын құжатқа сәйкес, қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан:

  • қылмыстық теріс қылықтар және (немесе) онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар;
  • залал келтіруге әкеп соқпаған не оны толық өтеген немесе ол бойынша азаматтық талап қойылмаған ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдар;
  • залалдың немесе азаматтық талап қоюдың бар-жоғына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыстар жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдар босатылады.

Бұдан басқа негізгі жазадан теріс мінез-құлық дәрежесі жоқ, осы заң қолданысқа енгiзілетін күнге жазасын өтеуіне бiр жылдан аспайтын уақыт қалған, ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар босатылады.

«Ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарға негізгі жазасының өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімі немесе мөлшері екіден бір бөлігіне қысқартылады. Жазасын өтеп жатқан немесе оны әлі орындамаған әлеуметтік жағынан осал адамдарға негізгі жазасының өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшерлері: ауыр қылмыстар үшін – үштен бір бөлігіне; аса ауыр қылмыстар бойынша төрттен бір бөлігіне қысқартылады», — делінген заңда.

Келесі азаматтарға рақымшылық жасалмайды:

  • — жемқорлық қылмыстар үшін сотталғандарға;
  • — террористік қылмыстар жасаған;
  • — экстремистік қылмыстар не экстремизм белгілері бар қылмыстар жасаған;
  • — азаптаулар жасаған;
  • — қылмыстардың қайталануы немесе қауiптi қайталануы кезінде жаза тағайындалған;
  • — өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған, сондай-ақ өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалған;
  • — қылмыстық топ, ұйымдасқан топ құрамында қылмыстар жасаған;
  • — жазасын өтеу кезінде қасақана қылмыстар жасаған;
  • — кісі өлтіру;
  • — денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру;
  • — заңсыз аборт жасау;
  • — зорлау;
  • — адам ұрлау және т.б. қылмыс жасағандарға қолданылмайды.