Елордада балалар қауіпсіздігіне арналған ашық диалог форумы өтті

Балаларды цифрлық қатерлерден қалай қорғауға болады? Мектептегі мәселелер туралы кіммен сөйлесу керек? Ата-аналарға «чаттан шығып», шынайы диалогқа шығатын уақыт қашан келеді? – осы және басқа да маңызды сұрақтар елорданың «Сарайшық» ауданында өткен жаңа форматтағы алғашқы профилактикалық форумда талқыланды,деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы. 

Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Іс-шара  прокуратура бастамасымен, аудан әкімдігі және Астана қаласының Білім басқармасымен бірлесіп, «Заң мен Тәртіп» нарративі мен «Жас Үміт» жобасы аясында ұйымдастырылды.

  Форум – балалардың қауіпсіздігі туралы әртүрлі тәжірибесі мен көзқарасы бар азаматтар ашық сөйлесе алатын алаңға айналды. Бұл – қазіргі мен болашақтың мәселесі. Бұл – сенімге, ашықтыққа және ресурстарды біріктіруге негізделген профилактиканың жаңа форматы,-дейді шараны ұйымдастырушылар.

Олардың айтуынша, форумның басты ерекшелігі – ресми баяндамалар мен формалдылықтан бас тарту болды. Оның орнына – пікір алмасу, нақты өмірлік оқиғалар мен тәжірибелік мысалдар ұсынылды. Мақсат – құқықбұзушылықтардың алдын алу және балалар мен жасөспірімдер үшін қауіпсіз орта қалыптастыру.

Форум аясында талқыланған тақырыптар:

— интернеттегі киберқауіптер мен алаяқтықтар;

— жасөспірімдер арасындағы ойынқұмарлық пен лудомания: дер кезінде қалай байқау және көмектесу керек;

— ата-ананың жауапкершілігі: баланы қорғау дегеніміз – оған зиян келтіру емес;

— мектеп психологтарына жүгінудің маңыздылығы;

— жазғы уақытта жасөспірімдердің жұмыспен қамтылуы мен дамуы: қандай жобаларға қатысуға болады?

  Форумда сөз сөйлеген Әкелер мен Аналар Одағының өкілдері қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Олар ашық түрде: «Кейде тек қорғаушы болу жеткіліксіз. Баланың ғана емес, мұғалімнің де даусын ести білу керек», – деді.

Форумның басты идеясы – балаларымыздың болашағына бейжай қарамайтындардың барлығын: блогерлер мен медиа көшбасшыларды, сарапшыларды, психологтар мен педагогтарды, ата-аналар қауымдастығын, мемлекеттік органдарды, әкімдіктер мен полицияны біріктіру.

Форум модераторы – Айгүл Мүкей болды. Оның қатысуы шараға қызығушылықты арттырып қана қоймай, сенім мен ашық диалогтың ерекше атмосферасын қалыптастырды. Ал жүргізушілер маңызды мәселелерді талқылаудың мүлде жаңа форматта да мүмкін екенін көрсетті.

 Балалар үшін қауіпсіз орта құру – бір ғана мекеменің міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамның жауапкершілігі. Егер біз нақты өзгеріс болсын десек, бір тілде сөйлеп, бір-бірімізді тыңдауымыз керек.

Бұл – есеп беру мен сандар туралы емес. Бұл – балалар жайлы. Олармен байланыс үзілмеуі үшін не істеуіміз керек деген сұрақтар жайлы. Профилактика – бұл формалдылық емес, әрқайсымыздың қатысуымыз. Осындай ашық алаңдар қалыпты жағдайға айналуы керек», – дейді прокуратураның өкілдері. 

Бұл формат – қоғам мен мемлекет арасындағы жаңа өзара әрекет мәдениетінің алғашқы қадамы. Ол өмір сүруі және дамуы тиіс формат.

Тек осындай көзқарас арқылы кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуда жүйелі өзгерістерге қол жеткізуге болады.

Өйткені балалар – бұл жай ғана болашақ емес. Олар – біздің бүгініміз. Біз оны бірге жасап жатырмыз.

Форум аясында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған «Құқықбұзушылықтың алдын алу: жасөспірімдердің көзқарасы» байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.