Қазақстандық ірі зауыттың бақылау пакеті Ресейге өтті

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Қазақстандағы полипропилен өндіретін ірі кәсіпорын – «Полимер Продакшндағы» өз үлесінің 60%-ын ресейлік «Сибур Холдингке» сатты деп жазады JurtMedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы Kursiv-ке сілтеп.

Келісімнің құны – 1,18 миллиард теңге. Бұл туралы «ҚазМұнайГаздың» 2025 жылдың бірінші тоқсанына арналған есебінде көрсетілген.

«Полимер Продакшн» – Қазақстан мен Орталық Азиядағы полипропилен қаптары мен үлдірлерін (пленка) өндіретін алғашқы ірі зауыт. Кәсіпорын 2012 жылы Атырау облысында ашылған.

2023 жылдың желтоқсанына дейін зауыт акцияларының 100%-ы «Самұрық-Қазына Өңдеу» және «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағына тиесілі болған. Кейінірек кәсіпорын толықтай «ҚазМұнайГаздың» басқаруына өтті.

Компанияның 2023 жылғы қаржылық есебіне сәйкес, активтері – 1,81 млрд теңге, капиталы – 1,5 млрд теңге, ал міндеттемелері – 291,17 млн теңге болған.

Дегенмен соңғы екі жылда зауыт айтарлықтай шығынға батқан. 2022 жылғы шығыны – 10,75 млрд теңге, ал 2023 жылы – 5,76 млрд теңге болған.

Осылайша, ұзақ уақыт шығыннан көз ашпаған кәсіпорынның бақылау пакеті ресейлік «Сибур Холдингке» өтті.