Қарағандыда жанармай бекетінің жанында жүк көлігі өртенді

Оқиға Қызылорда – Павлодар тасжолында, Ақтас ауылының бұрылысында болған. Жергілікті полиция қызметкерелері жедел әрекет жасамағанда  төтенше жағдайдың соңы қайғылы оқиғаға айналуы мүмкін еді, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы. 

 Polisia.kz сайтының жазуынша,  қарағандылық қос полицей жанып жатқан көлікті көріп, дер кезінде кәсіби әрекет жасаған.

 6 мамырда  сағат 23:00 шамасында Саран қалалық патрульдік полиция қызметкерлері – Бағлан Жүнісов пен Алихан Бақыш – кезекшілік барысында ГАЗель жүк көлігінің өртеніп жатқанын байқайды. Көлік түркиялық азаматқа тиесілі болған. Ол жанармай бекетінің дәл жанында отқа оранған. Апаттан есеңгіреген жүргізуші мен жолаушы көліктен секіріп түсіп, көліктің кез келген сәтте жарылу қаупі алдында не істерін білмей сасқалақтаған. Уақытты босқа жоғалтпаған полиция қызметкерлері өрт қаупін бағалап, батыл шешім қабылдайды – олар жанып жатқан көлікті жанармай бекетінен алыстатып, жарылыс қатерінің алдын алды.

Артынша қауіпсіздік мақсатында тәртіп сақшылары көлікті екі жағынан итеріп, жол жиегіне дейін апарып, жағдайды бақылауға алады. Көп ұзамай оқиға орнына жеткен Саран қалалық полиция бөлімінің тергеу-жедел тобы өртті толықтай сөндіруге көмектесті.

 Полиция қызметкерлеріне үлкен рақмет! Олар бізді де, айналамыздағы адамдарды да үлкен апаттан құтқарып қалды, – деп алғысын білдірді көлік жүргізушісі мен жолаушысы.

Қарағанды облысының полиция департаменті аталған қызметкерлердің әрекетін ерекше атап өтіп, алғыс білдіреді.