Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексін екінші оқылымда қабылдады. Алғашында Үкімет ұсынған 20% мөлшерлеме 16% дейін төмендетілді,-деп хабарлайды JurtMedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеудің шегі 15 млн-нан 40 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.
Дәрілік заттар мен медициналық қызметтерге қосылған құн салығының төмендетілген мөлшерлемелері енгізіледі:
- 2026 жылдан бастап 5%
- 2027 жылдан бастап 10% болады.
Сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу аясындағы тауарлар мен қызметтер қосылған құн салығын төлеуден босатылады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық басылымдарды, сондай-ақ баспа түріндегі кітаптарды басып шығару қызметтерін қосымша құн салығын төлеуден босату жоспарланып отыр.
Ойын бизнесі мен банктер үшін корпоративті табыс салығы мөлшерлемесі 25% дейін көбейтілді. Ал банктер үшін кәсіпкерлік субъектілерін несиелеуден түсетін кірістер бойынша мөлшерлеме 20 пайыз деңгейінде қалды.
Жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіледі:
- жалақы бойынша: 8500 АЕК-ке дейінгі табысқа – 10% (жылына 33,5 млн. теңгеге дейін), одан жоғары болса – 15%;
- дивидендтер түріндегі кірістер үшін: 230 000 АЕК дейін – 5% (1 млрд. теңгеге жуық) және одан жоғары болса – 15%;
- резидент емес жеке тұлғалардың кірістері үшін: 600 000 АЕК дейін – 10%, одан жоғары болса – 17%.