Алматыда кейбір сайлау учаскелерінде ұзын-сонар кезек пайда болды

Атом электр станциясын салу мәселесі бойынша республикалық референдумға алматылықтар белсенді дауыс беріп жатыр. Тіпті кейбір сайлау учаскелерінде кезекке тұрған дауыс берушілерді байқауға болады,- деп хабарлайды Jurtmedia.kz   ақпараттық порталы.

Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі жазды.

Алматының Наурызбай ауданының сайлау учаскелерінде тарихи сәтте қарттар дауыс беріп қана қоймай, бата беріп, бұл сәттің маңыздылығын айтып, болашақ ұрпаққа бақ-береке тіледі

Бүгін біз маңызды мәселе бойынша пікіріміз бен ұстанымымызды білдіріп, жастарымыздың жарқын болашағына үміттенеміз, – дейді дауыс берушілердің бірі.

Келушілер әрбір азаматтың дауыс беруі Қазақстанның дамуына маңызды үлес болатынына сенім білдіруде. Ауданның сайлау учаскелеріне келген қарт тұрғындар әрбір дауыстың маңызы бар екенін, ел мен халық үшін бұл шешімді қолдау өзекті екенін атап өтті.

Референдумға танымал қоғамдық қайраткерлер, спортшылар және артистер де қатысуда. Алматы әкімі Ерболат Досаев жұбайымен бірге алғашқы дауыс берушілердің бірі болып, №48 мектеп-лицейінде орналасқан №388 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.

Қалада барлығы 624 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Алматылықтар тұрғылықты жері бойынша сайлау учаскелеріне барып, сағат 20.00-ге дейін дауыс бере алады.

Фото: Алматы қ. әкімдігінің баспасөз қызметінен