Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Дүйсенбілік спорт» жобасы бойынша NEET санатындағы жастар арасында үстел теннисінен турнир өтті, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық порталы.
Спорттық шара «Social project management» орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті.
Бұқаралық спортты дамыту және жастарды қолдау мақсатындағы аталмыш шараға базардан, сауда орталықтарында жұмыс істейтін және жұмыссыз жүрген жастардан 30 қатысушы бақтарын сынады.
Бұған дейін «Дүйсенбілік спорт» жобасы аясында Алматы қаласы базар жастарының арасында шағын футболдан және волейболдан турнир өткен болатын.
Сайысқа түскен жастар арасында болашақта үлкен додаларда топ жаруды мақсат еткендер де бар.
Спорттың адам өмірінде алатын орны ерекше екені бәріміз мәлім. Алматы қаласының NEET санатындағы жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында жыл сайын дәстүрге айналған «Дүйсенбілік спорт» жобасын аясындағы осы шараға қатысқанымызға қуаныштымыз! Әрине, болашақта үлкен додаларға түссек пе деген арманымыз бар дейді,- «Белгібай» командасының капитаны Қасымжан Айдар,
Турнир Алатау ауданындағы ADD үстел теннис орталығында өтті.
Алғашқы іріктеу кезінде 2 топқа бөлініп, өзара іріктеу ойындарын өткізді. Ширек финал мен жартылай финалдық сайысқа сүрінбей жеткен жастар арасындағы ойын тартысты өтті.
Турсынбаев Зиядулла мен Онласын Аян Алтын медаль мен кубок үшін бар айла-тәсілін қолданып-ақ бақты. Дегенмен 3:2 нәтижесімен Турсынбаев Зиядулла басым түсіп, «Дүйсенбілік спорт» жобасы аясында өткен үстел теннисінің жеңімпазы атанып, Алтынды өз қанжығасына байлады. Ал үшінші орынның кубогын сарапқа салған Сейтбаев Алмат пен Шаюпов Дильмурат арасындағы ойында 3:0 есебімен Сейтбаев Алмат үшінші орын кубогын иеленді.
Бірінші орын алған Турсынбаев Зиядуллаға 250 мың теңгенің, екінші орын алған Онласын Аянға 150 мың теңгенің, үшінші орын алған екі қатысушы Сейтбаев Алмат пен Шаюпов Дильмуратқа 50 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша алдағы уақытта «Дүйсенбілік спорт» жобасы аясында NEET санатындағы жастар арасында баскетболдан кемінде 16 команданың, ал киберспорт бойынша әр спорт түрінен 30 (отыз) қатысушының қатысуымен осындай турнир ұйымдастыру жоспарланып отыр екен..