Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аса ауыр қылмыс жасаған күдіктіге өмір бойы бас бостандығынан айыруға үкім шығарды, деп хабарлайды Jurtmedia.kz
Оған әйелді және оның екі баласын өлтірді, қылмысты жасыру үшін үйін қасақана өртеп жіберді және мүлікті ұрлады (ҚК-нің 202-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы, 99-баптың 2-бөлігінің 1, 3), 5), 10)-тармақтары, 99-баптың 3-бөлігі, 188-баптың 1-бөлігі) деген айып тағылды.
Сотталушы мас күйінде пышақ қолданып, бірге тұратын серіктесі мен оның кәмелетке толмаған екі баласын өлтірген. Содан кейін үйдің есігін сыртынан құлыптап, қашып кеткен. Бір күннен кейін ол қылмыс орнына қайта келіп, жәбірленушінің 40 мың теңгесін ұрлап, кісі өлтіру ізін жасыру үшін олардың үйін өртеп жіберген. Сотталушының кінәсі іс материалдарымен: куәлардың айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен және сотта расталған және зерттелген басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденген,- делінген Жоғарғы сот таратқан ақпаратта.
Сот сотталушыны өзіне тағылған іс-әрекеттерді жасағаны үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.