Елордада түннен бері жауған қардың кесірінен көшелерде қозғалыс қиындай түсті, деп хабарлады Jurtmedia.kz
Осыған байланысты Астана қалалық коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуге кіріскенін хабарлады.
Тұрғындар бүгін таңертеңнен бері такси бағасы да бірден қымбаттап кеткенін айтып жатыр.
Елордалық тұрғын Салтанат Мұратқызы өзі тұратын қаладағы «Шапағат» базары жақтан сол жағалаудағы жұмыс орнына келу үшін басқа күндерге қарағанда бүгін «Яндекс» такси қызметі айтарлықтай қымбаттап кеткенін байқағанын айтады.
Басқа күндері жұмысқа асыққан жағдайда такси шақырсам жобамен 1500 теңгенің көлемінде шығатын. Бүгін таңертеңгісін, тапсырыс бердім, 2600 теңге деп тұр. Яғни, басқа жай күндерге қарағанда 1000 теңге қосып тұр. Бұл масқара ғой. Олар да ауа райының қолайсыздығын пайдаланып, ауадан ақша жасап қалғысы келіп жатқан сияқты, — дейді ол.
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, қала көшелерін қардан тазартуға 2 300-ден астам жұмысшы мен 1 400-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды. Қардан тазарту 19 желтоқсанға қараған түннен, яғни қар жауғаннан бастап жүргізіліп жатыр.
Фото: ашық дереккөзден