Жамбыл облысы Қордай және Шу аудандарының аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Республикалық маңызы бар автожолдар жабылды, деп хабарлады Jurtmedia.kz
Жамбыл облысы әкімінің баспасаөз қызметінің мәліметінше, өңірде ауа-райының күрт нашарлауына (температураның төмендеуі, қарлы боран, көрудің нашарлығы) байланысты 12 желтоқсан бастап республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының «Тараз-Алматы» бағыты бойынша және облыстық маңызы бар бірқатар жолдарда көлік қозғалысы тоқтатылған.
15 желтоқсан сағат 06:00 — дегі жағдай бойынша 2413 адам құтқарылды, олардың ішінде 90 бала бар. 600-ге жуық адам үйлеріне қайтарылды. 1813 адам алты ауылдағы жылыту пункттеріне жеткізілді. 3 азамат Қордай аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Олардың жағдайлары тұрақты, дәрігердің бақылауында. Екі күн ішінде жалпы 5000 адам құтқарылды,- деп жазды облыстық әкімдік.
Қазіргі уақытта Қордай және Шу аудандарында қосымша 825 орындық 9 жылыту пункті ұйымдастырылған. Құтқару шараларына 171 адам және 76 бірлік техника жұмылдырылған. Жолдағы блок-бекеттерге полиция нарядтары қойылған. Электр желілерінің қалыпқа келтіру бойынша «Жамбыл электр желілері» ЖШС-мен 23 авариялық-құтқару тобы мен 27 арнайы техника жұмылдырылды. Газ құбырларының апаты тіркелген жоқ, штатты режимде берілуде.
Айта кетейік соңғы екі күнде «Шу-Отар» учаскесінде 11 жолаушылар пойызы тоқтап қалғаны белгілі болған. Олардың әрқайсысында орташа есеппен 500-700 адамнан бар. Сонымен қатар 12 жүк пойызы өз уақытынан кешігуде.
Шу аудандық көліктік прокуратураның ақпараты бойынша, қазіргі кезде жолаушылар пойыздары жүре бастады, жағдай бақылауда. Облыстың қалған елді мекендерінде жағдай тұрақты, — деп жазды Жамбыл облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Әкімдік берген мәлімет бойынша әзірге адам шығыны туралы мәлімет тіркелмеген.
Фото: дереккөз