Мемлекеттік кірістер органдарының заңсыз әрекеті салдарынан кәсіпкерлердің қызметі тоқтап қалған, деп хабарлады Jurtmedia.kz
Шымкент қаласы прокуратурасының талдауы нәтижесінде мемлекеттік кірістер органдарының жүргізген камералдық бақылау нәтижелері бойынша 15 кәсіпкерлік субъектісінің шоттарын заңсыз бұғаттағаны анықталды.
Осыған қатысты тексеру жүргізген прокуратура іс-әрекеттерді негізсіз деп таныды және қадағалау актісін енгізді. Нәтижесінде салық органының шешімдерінің күші жойылды, Еңбекші ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы және басқа да кінәлі тұлғалар ҚР ӘҚБтК-нің 173-бабымен (лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметіне заңсыз араласуы) әкімшілік жауаптылыққа тартылды, — деп мәлімдеді Шымкент қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Прокуратура кәсіпкерлер алдындағы кедергілерді жойып, олар өз қызметіне кірісті.